14 ақпан күні Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектебінде мәртебелі қонақтарды қарсы алу құрметіне ие болдық. Білім беру саласындағы беделді ұйымдардың басшылары – «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Өте Дархан Ермаханұлы және «Білім Орда» қорының директоры Биржикеев Ерік Көшекбайұлы мектебімізге арнайы келіп, білім ордамыздың тыныс-тіршілігімен жақын танысты.
Кездесу барысында қонақтар мектебіміздың білім беру жүйесі, инновациялық әдістемелері мен оқушылардың даму мүмкіндіктері жайлы кеңінен мағлұмат алды. Сонымен қатар, оқушылардың білім деңгейін арттыру, үздік тәжірибелермен алмасу және заманауи білім беру үрдістерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Осы кездесудің нәтижесінде екі білім ордасы арасында тығыз ынтымақтастық орнату, бірлескен жобалар әзірлеп, түрлі іс-шараларды бірге өткізу туралы келісімге келдік.
Мектептің негізін қалаушысы Әсел Тасмағамбетова білімнің ұлт болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Біз заманауи білім беруді ұлттық құндылықтармен үйлестіре отырып, жан-жақты дамыған, жауапкершілігі жоғары, көшбасшылық қабілеті бар жас ұрпақты тәрбиелеуге ұмтыламыз. Өскелең жас ұрпақты жаңартылған жүйемен оқыту болашақтағы сапалы білімнің кепілі. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектептері – білім беру саласындағы ең озық жүйелердің бірі. Сіздердің мол тәжірибелеріңіз бізге үлкен шабыт береді.»
Мектебімізбен «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ», «Білім Орда» қорлары арасындағы серіктестік – білімнің дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам. Өзара тәжірибе алмасу арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім алуына зор мүмкіндік жасайтынымызға сенімдіміз!